2006 - 2008 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында биотехнология жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 маусымдағы № 554 Қаулысы

2006 - 2008 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында биотехнология
жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды
әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 маусымдағы № 554 Қаулысы

 

Биотехнологияны дамытуды ғылыми-техникалық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса беріліп отырған 2006 - 2008 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында биотехнология жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.

2. «Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006 - 2008 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 3 мамырдағы № 363 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығын дамытудың 2006 - 2008 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында:

реттік нөмірлері 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21 және 22-жолдар алынып тасталсын.

3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 1 тамызға және 1 ақпанға қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпаратты беруді қамтамасыз етсін.

4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі К.Қ. Мәсімовке жүктелсін.

5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

 

Д. Ахметов

 

Қазақстан Республикасы

Yкіметінің

2006 жылғы 15 маусымдағы

№ 554 қаулысымен

бекітілген

 

«2006 - 2008 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында

биотехнология жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін

қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу»

ғылыми-техникалық бағдарламасы

 

МАЗМҰНЫ

 

1. Паспорты

2. Кіріспе

3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау

4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi

5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігi

6. Қажетті ресурстар мен оларды қаржыландыру көздерi

7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтиже

8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары

 

1. Паспорты

 

Бағдарламаның      2006 - 2008 жылдарға арналған Қазақстан

атауы              Республикасында биотехнология жөніндегі кластердi

                   қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды

                   әзірлеу

 

Әзірлеу үшін       Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17

негіздеме          шілдедегі № 712-1 қаулысымен бекітілген

                   Қазақстан Республикасының

                   индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015

                   жылдарға арналған стратегиясын іске асыру

                   жөніндегі іс-шаралар жоспарының 5.3.2.7-тармағы

 

Әзірлеуші          Қазақстан Республикасы Білім және ғылым

                   министрлігi

 

Мақсаты            Денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы,

                   қоршаған ортаны қорғау, тамақ және өңдеу

                   өнеркәсібіне арналған биотехнологиялық өнімдердi

                   өндіруді қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы

                   биотехнологияларды әзірлеу

 

Негізгі міндеттер   Қазіргі заманғы биотехнология әдістері негізінде

                   өсімдіктердің шаруашылық-құнды нысандары мен

                   сорттарын, биостимуляторларды және өсімдіктердi

                   қорғау құралдарын алу.

                    Генетикалық және жасушалық инженерия әдістерінің

                   негізінде жануарлардың ауруларын емдеудің, алдын

                   алудың және диагностикалаудың тиімділігі жоғары

                   құралдары мен әдістерін жасауға арналған

                   технология әзірлеу.

                    Биотехнология әдістерінің негізінде денсаулық

                   сақтау үшін жаңа препараттар жасау жөніндегi

                   технологияны әзірлеу.

                    Қоршаған ортаны қорғау және сақтау үшін

                   тиімділігі жоғары биотехнологияларды енгізу

                   жөніндегі зерттеулерді дамыту.

                    Тамақ және өңдеу өнеркәсібінде пайдалану үшін

                   бәсекеге қабілетті биотехнологиялық өнім жасау.

                    Өнеркәсіптік және аса құнды микроорганизмдердің

                   генетикалық ресурстарын сақтау және оларды

                   генетикалық паспорттау, өсімдіктер мен

                   жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтауға

                   арналған жаңа технологияларды әзірлеу, жасушалық

                   дақылдардың банкін жасау

 

Қаржыландыру        Бағдарламаны іске асыруға 2006 - 2008 жылдары

көлемі мен көздері 002 "Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер"

                   бюджеттік бағдарламасы бойынша 101 "Қолданбалы

                   ғылыми зерттеулер" кіші бағдарламасы бойынша

                   республикалық бюджет қаражаты жұмсалатын болады.

                   Бағдарламаны іске асыруға байланысты қаржылық

                   шығындар 1433,0 миллион теңгені, оның ішінде

                   2006 жылы - 450,0 млн. теңгені, 2007 жылы -

                   477,0 млн. теңгені, 2008 жылы - 506,0 млн.

                   теңгені құрайды.

                    2007 - 2008 жылдарға арналған республикалық

                   бюджет есебінен қаржыландыратын іс-шаралар

                   бойынша шығыстар көлемі тиісті қаржы жылына

                   арналған "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан

                   Республикасының Заңына сәйкес нақтыланады

 

Күтілетін           Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде мынадай

нәтижелер          негізгі нәтижелер алынады:

                    ауыл шаруашылығы және дәрілік өсімдіктердің

                   шаруашылық-құнды нысандары мен сорттары,

                   биостимуляторлар және өсімдіктерді қорғау

                   құралдары алынады;

                    жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларын

                   диагностикалау, олардың алдын алу және оларға

                   қарсы күресу үшін иммунологиялық және

                   молекулярлық-генетикалық тест-жүйелер негізінде

                   тиімділігі жоғары вакциналар мен диагностикалық

                   препараттар өндірісінің тиімді технологиялары

                   әзірленеді;

                    биотехнология әдістері негізінде туберкулез,

                   қант диабеті, жүрек-тамыр, онкологиялық және

                   өзге де ауруларды диагностикалау, емдеу және

                   олардың алдын алу үшін жаңа препараттар жасау

                   жөніндегі технология әзірленеді;

                    қоршаған ортаны қорғау және сақтау үшін көмірсу-

                   тектердің микроорганизмдері-деструкторларын,

                   ауыр металдар тұздарының өсімдік-аккумуляторлары

                   мен пестицидтерді пайдалану негізінде тиімділігi

                   жоғары биотехнологиялар әзірленеді және

                   енгізіледі;

                    тамақ және өңдеу өнеркәсібінде пайдалану үшін

                   ферменттік препараттар, микроорганизмдер

                   штамдары, ашытқылар, биологиялық белсенді заттар

                   мен қоспалар алынады және өндіріске енгізіледі;

                    микроорганизмдердің, өсімдіктер мен жануарлардың

                   бағалы генетикалық ресурстарын сақтау және

                   бағалау үшін жаңа биотехнологиялар жасалады.

 

Іске асыру         орта мерзімді, 2006 - 2008 жылдар

мерзімдерi

 

2. Кіріспе

 

Жоғары дамыған елдердің тәжірибесі қазіргі заманғы биотехнология мемлекеттің инновациялық-индустриялық дамуының тиімді жолдарының бірі, тиімді және тұрақты экономикалық дамудың компоненті болып табылатынын көрсетеді. 2004 жылы биотехнологиялық өнімдердің әлемдік нарықтағы көлемі 240 млрд. долларды, оның ішінде тамақ өнеркәсібіне және ауыл шаруашылығына 45 млрд. долларды, фармацевтикалық өнеркәсіпке 26,8 млрд. долларды, басқа салалар үшін 21,7 млрд. долларды құрады. 2005 жылы биотехнологиялық өнімдердің нарығы көлемінің 260 млрд. долларға, ал 2006 жылы 300 млрд. долларға өсуі болжанып отыр. 2010 жылға қарай биотехнологиялық өнімдердің нарықтағы көлемінің 2 трлн. доллардан астам өсуі болжанады.

Қазақстан үшін биотехнологияны дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1059 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық саясаты тұжырымдамасында көрініс тапқан басым бағыттардың бірі болып табылады.

Биотехнологияны тиімді дамыту мақсатында «2001 - 2005 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында биотехнологиялық өнім өндіруді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету және ұйымдастыру» республикалық ғылыми-техникалық бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 871 қаулысымен 2001 - 2005 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында биотехнологиялық өнім өндіруді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету және ұйымдастыру» бағдарламасы бекітілді.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған бағдарламаның негізгі міндеттеріне сәйкес мынадай жобалар іске асырылды:

бидайдың, күріштің, жоғары белокты бұршақтың өнімділігі жоғары, жұмсақ, ауруларға төзімді сорттары жасалды;

биотехнология әдістерінің негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарының стресстік факторлар мен ауруларға төзімді шаруашылық-құнды бастапқы нысандары алынды;

протеолитикалық ферменттердің дәрілік нысандарының регламенттері мен уақытша фармакопиялық баптары әзірленді, жаралар мен күйіктерді емдеу үшін жаңа ферменттік препараттың өндірісі жолға қойылды;

жануарлардың аса қауіпті ауруларының иммунологиялық және молекулярлық-генетикалық диагностикасы мен алдын алудың тиімді әдістері әзірленді және оларды сату жолға қойылды;

микробиологиялық, фармацевтикалық, тамақ өнеркәсібі және қоршаған ортаны қорғау мұқтаждары үшін микроорганизмдердің жаңа штаммдары алынды;

микробиологиялық препараттар мен биологиялық белсенді заттарды өндіруге арналған микроорганизмдер дақылдарының коллекциясы жасалды.

Осы салалардағы зерттеулерді одан әрі дамыту биотехнология саласындағы шетелдік тәжірибені ескере отырып, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, тамақ және өңдеу өнеркәсібі үшін бәсекеге қабілетті биотехнологиялық өнім өндіруді қамтамасыз ету үшін қазіргі заманғы биотехнологияларды әзірлеу, биотехнологиялық өндірістердің материалдық-техникалық базасын қазіргі заманғы халықаралық талаптар деңгейінде дамыту болады.

Шешілуіне өсімдік шаруашылығындағы жасушалық технологиялардың көмегі тиюі мүмкін аса маңызды міндеттер - әр түрлі аурулар мен ортаның қолайсыз факторларына төзімді ауыл шаруашылығы өсімдіктерін жасау.

Эмбриондар мен аналық жасушаларды трансплантациялау технологиясын қолдану және трансгендік жануарларды жасаудағы жетістіктер мал шаруашылығын табысты дамыту және олардың генетикалық әлеуетін жақсарту үшін үлкен перспективалар ашады.

Биотехнология әдістері негізінде денсаулық сақтау және ветеринария үшін дәрілік заттарды, вакциналар мен диагностикалық препараттарды алу мүмкіндігіне кең перспектива ашады.

Жасушалық және генетикалық инженерия әдістерін пайдалану белоктарды, амин қышқылдарын, ферменттерді және басқа да биологиялық белсенді заттарды синтездеуге қабілетті микроорганизмдердің жаңа штаммдарын құрастыруға мүмкіндік береді.

Қоршаған ортаны қорғау және сақтау үшін көмірсутектердің микроорганизмдері-деструкторларын, ауыр металдар тұздарының өсімдік- аккумуляторлары мен пестицидтерді пайдалану негізінде тиімділігі жоғары биотехнологияларды әзірлеу және енгізу өзекті болып табылады.

Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін ферменттік препараттарды, микроорганизмдер штаммдарын, ашытқыларды, биологиялық белсенді заттар мен қоспаларды әзірлеу және өндіріске енгізу қажет.

Жаңа биотехнологияларды жасау республикадағы микроорганизмдердің, өсімдіктер мен жануарлардың құнды генетикалық ресурстарын сақтауды және бағалауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Құстардың жоғары патогендік тұмауы және жануарлар аусылы сияқты аса қауіпті аурулардың кеңінен таралу қаупіне байланысты биотехнология саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістері мен технологияларын әзірлеу аса өзекті болып табылады.

Биотехнологиялық кластерді қалыптастыруды қамтамасыз ететін жоғары технологиялық деңгейді дамыту үшін республикада биотехнологияны дамыту жөніндегі жұмыстарды ғылыми-техникалық сүйемелдеу қажет.

Әзірленуі мен іске асырылуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 712-1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003 - 2005 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 5.3.2.7-тармағында көзделген 2006 - 2008 жылдарға арналған "Қазақстан Республикасында биотехнология жөніндегі кластерді қалыптастыру үшін қазіргі заманғы технологияларды әзірлеу" ғылыми-техникалық бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) осы міндеттерді шешуге бағытталған.

 

3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау

 

Қазақстан үшінші мыңжылдыққа өз алдына жоғары мақсаттар қоятын және өркениетті өркендеуге қол жеткізуге табанды түрде ұмтылатын, дамушы ел ретінде аяқ басты. «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығы қазақстандық экономиканың инновациялық құраушысын біздің еліміздің табысты дамуының негізгі факторларының бірі деп айқындайды.

Денсаулық сақтауда, ауыл шаруашылығында, өңдеу және тамақ өнеркәсібінде, фармацияда, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау үшін қазіргі заманғы биотехнологияларды тиімді пайдалану осы салаларды дамыту және олардың проблемаларын шешу үшін маңызды алғышарт болып табылады. Биотехнологияны дамыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1059 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық саясаты тұжырымдамасында көрініс тапқан басым бағыттардың бірі болып табылады.

Соңғы жылдары республикада протеолитикалық ферменттердің дәрілік нысандарының регламенттері мен уақытша құжаттары әзірленді, жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған жаңа ферменттік "Ферим" препараттарының, бифидумбактерин пробиотигінің өндірісі жолға қойылды.

Қазақстанда халықтың туберкулезбен, қант диабетімен, жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулармен науқастануын тиімді емдеу, олардың алдын алу және төмендету проблемалары толық көлемде шешілген жоқ. Көрсетілген проблемаларды шешу үшін биотехнологияның қазіргі заманғы жетістіктерін ескере отырып, осы ауруларды емдеудің стратегиясы мен тактикасына жүйелі ұстаным қажет. Сондықтан жаңа технологияларды әзірлеу және осы ауруларды диагностикалау, алдын алу және емдеудің тиімділігі жоғары құралдарының өндірісін ұйымдастыру өзекті міндет болып табылады.

Денсаулық сақтау үшін биотехнология саласындағы басым бағыттар болып антибиотиктердің, диабетке, ісікке және туберкулезге қарсы ұзақ мерзім әсер ететін препараттарды мақсатты тасымалдаудың жаңа ұстанымдарын әзірлеу, жаңа буын пробиотиктерін алу, мүшелердің бұзылған функцияларын емдеу және қалпына келтіру үшін жасушалық технологияларды қолдану, иммунологиялық және молекулярлық-генетикалық тест-жүйелерді шығаруды ұйымдастыру болып табылады.

Биотехнология саласындағы ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындау шеңберінде республика ғалымдары соңғы жылдары ветеринария үшін қазіргі заманғы технологияларды әзірледі және 30-дан астам тиімді вакциналар мен диагностикалық препараттарды өндіруді жолға қойды. Ветеринария саласында жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларын диагностикалау және олардың алдын алудың тиімді әдістерін әзірлеу кезінде едәуір маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Иммунды-ферменттік талдау және полимераздық тізбектік реакция негізінде сезімталдығы жоғары диагностикалық препараттар жасалды және олар өндірісте пайдаланылады, гибридомдық технология әдісімен алынған бір клоналдық антиденелер пайдаланылады.

Біздің республикамыздың Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі - ДСҰ) кіруге дайындалуына байланысты иммунды-ферменттік талдау (бұдан әрі - ИФТ) және полимераздық тізбектік реакция (бұдан әрі - ПТР) әдістерін қолдануға негізделген болжамды және баламалы диагностикалық тестілерді әзірлеу және ветеринариялық практикаға енгізу айрықша өзекті болып табылады. Халықаралық эпизоотиялық бюроның талаптарына сәйкес көрсетілген әдістерді қолдану жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерінің халықаралық саудасын жүргізу кезінде міндетті болып табылады.

ДСҰ-ға кіруге дайындалу және біздің еліміздің эпизоотиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заманғы биотехнология жетістіктері негізінде жануарлардың жұқпалы ауруларын диагностикалау, емдеу және олардың алдын алу құралдарының өндірісін әзірлеу мен ұйымдастырудың стратегиялық маңызды мәселесін шешу қажет. Бұл проблемалардың өзектілігі мен басымдығы құс тұмауы бойынша эпизоотиялық ахуалдың күрделенуіне және тұмау бойынша әлемдегі пандемиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты болып отыр.

Өсімдік шаруашылығы үшін жасушалық және генетикалық инженерия әдістерін пайдалану негізінде cтpeccтік факторлар мен ауруларға төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарының шаруашылық-құнды бастапқы нысандарын жеделдетіп жасау өзекті болып табылады. Соңғы бес жыл ішінде өнімділігі жоғары жұмсақ бидайдың 5 сорты, күріштің Бақанас және Мәдина сорттары, ауруларға төзімді Ақтәтті және Жоңғар жоғары белокты бұршақ сорттары жасалды.

Бұл проблеманың өзектілігін Қазақстанда ауыл шаруашылығы өсімдіктері ауруларының кеңінен таралуымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңарту үшін сорттық ресурстардың болмауымен түсіндіруге болады. Ауыл шаруашылығы өсімдіктері егістерінің әр түрлі аурулармен зақымдануы тек экономикалық шығыстарға ғана емес, дәнде адамдар мен жануарлар денсаулығы үшін қауіпті токсиндердің жиналуына әкеліп соғады.

Ауыл шаруашылығындағы маңызды мәселелердің бірі жеміс және жидек дақылдарының, жүзімнің, картоптың, кейбір көкөніс, техникалық және дәрілік өсімдіктердің жоғары сапалы көшеттік материалын өндіру болып табылады.

Гендік-инженерлік жұмыстардың күрделілігі мен ғылымды қажетсінуінің зор екендігін ескере отырып, жасушалық технологиялардың мүмкіндіктерін естен шығаруға болмайды. Жасушалық инженерия әдістерін екі онжылдыққа жуық белсенді пайдалану өсімдіктердің жүздеген және мыңдаған, оның ішінде құнды қасиеттері бар ондаған және жүздеген: құрғақшылыққа, жоғары және төмен температураларға, тұздылыққа, қауіпті саңырауқұлақ, бактериялық және вирустық ауруларға төзімділігі жоғары регенеранттарын алуға мүмкіндік берді.

Қазақстанда да кеңейтілуі қажет ауыл шаруашылығындағы елеулі практикалық мүддені көрсететін заттар ретінде табиғи фитогормондар, биопестицидтер, өсімдіктерді өсіру және дамыту реттеуіштері жөніндегі зерттеулер әлемде кеңінен тараған.

Тамақ және өңдеу индустриясындағы биотехнологиялық әдістер мен тәсілдер өнімдердің сенімді және ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін биологиялық құрауыштарды, қоспаларды, консерванттарды, өсімдік және синтетика тектес қосылыстарды, микроорганизмдерді қолдануға негізделген тамақ өнімінің дәмдік және құнарлылық қасиеттерін сақтауға және жақсартуға бағытталған.

Қоршаған ортаны қорғау саласында биотехнология әдістерінің негізінде ауыр металдармен, пестицидтермен, мұнаймен және мұнай өнімдерімен ластанған топырақты биоремедиациялау мен фиторемедиациялау технологиялары әзірленді. Республикадағы күрделі экологиялық жағдайды ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау және сақтау үшін көмірсутектердің микроорганизмдер-деструкторларын, ауыр металдар тұздарының өсімдік-аккумуляторларын және пестицидтерді пайдалану негізінде тиімділігі жоғары биотехнологияларды одан әрі әзірлеу және енгізу аса өзекті болып табылады.